• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2018

Атырауда "Саламатты əдеттер"  марафоны басталды

340 рет
көрсетілді

Атырауда 11 шілдеде басталған челлендж 8 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Марафон 11 шілде күні Атыраудағы «Ретро парк» саябағында басталды.  Бүгінгі шара қалалық №7 емхана  мен  Атырау медициналық колледжі және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Мұндағы басты мақсат - әрбір адамның  өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру.

Марафон 5 станциядан тұрады:  денсаулыққа кері әсерін тигізетін тұздан сақтану; күніне 2 литр су ішу;жеміс-жидектер станциясында витаминдердің адам денсаулығына пайдасын түсіндіру; жазатайым жағдай орын алған кезде орындауға тиіс іс-әрекеттермен таныстыру; күніне 10 мың қадам жаяу жүру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тапсырмаларды күнделікті орындау арқылы,  денсаулықты нығайтуға болады.

- Марафонда  қойып отырған талаптарымызды  әр мекеме және тұрғын өз деңгейінде жалғастырып отыруы қажет. Қыркүйек айының 8-ші жұлдызында материалдар республикаға жолданып, қорытындысы шығады. Осы марафонның ережелерін орындағандар арнайы  алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады,- дейді Атырау медицина колледжінің директоры Лаура Кубаева. 

Айта кетейік, бастамаға  қатысушылар міндетті түрде салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының әлеуметтік желілеріне тіркеліп, бастаманы қолдайтындықтарын сурет немесе бейне  арқылы,   «денсаулық кепілі саламатты әдеттер марафоны» хештэгтері арқылы әлеуметтік желілерде бөлісуі тиіс.